Ұлттық немесе дәстүрлі (отбасылық) құндылыққа ЛБКТ-белсенді әрі феминистік сын көз салу.
2024 жылы 1 маусым күні орыс тілінде «Лесбийский взгляд на традиционные (семейные) ценности» деген атпен дәріс бердік. Осы мақалада қазақша баламасын Ұлттық құндылық деп атау себебіміз, дәстүрлі (отбасылық) құндылық деп орыс тілінен тіке аударғаннан гөрі ана тілімізде жатықтау әрі жақынырақ естілетін, көп айтылатын мағынада алдық. Бәз біреу екі ұғым арасында алшақтық бар деуі бек мүмкін. Дегенмен, біздің көзқарас бойынша бұл екі түсініктің шығу тегі мен қолдану аясында аса айырмашылық жоқ. Ол айырмашылықты біз білеміз. Мақала соңында егжей-тегжей түсіндіреміз.
Осы мақаланың соңында дәріс кезінде пайдаланған көрнекі құралды қоса салып отырмыз. Дәріс басында «Ұлттық құндылық дегенді қалай түсінесіз?» деген сұраққа жауапты 5 минут талқылап көрдік. Ең алдымен ойға келетін жауап: «ежелден, ықылым заманнан, ұмытылған кезден келе жатқан әдет-ғұрып, ұлтты ұлт қылып ерекшелеп шыққан, тарихтың тереңінде жатқан нәрсе» — деген ой келеді. Дәрісті тыңдаушы жас әйелдер де солай деп анықтады.
Ұлттық құндылық деген немесе орыс тілінен тіке аударғанда дәстүрлі (отбасылық) құндылық секілді ұғым тарихтың тереңінде жатқан-жатпағанын, егер тереңде жатса, қаншалықты тереңде жатқанын түсіну үшін осы ұғымның адам құқығын қорғап жүрген қозғалыс тұсында айтылатыла бастағанына көңіл бөлдік.
Адам құқығы, әйел құқығы, ЛГБТИК+ құқығы, бала құқығы деген қағидалар ХХ ғасырда пайда болып, сол кезден қолданысқа енген себепті бұларды өте жаңа түсінік тізімі дедік.
Миллиондаған адам өмірі үзілген Екінші дүниежүзілік соғыс біткен соң, осындай зұлматты ешқашан қайталамайық (never again) деген мақсатта Біріккен Ұлттар Ұйымында Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы 1948 жылы қабылданып, жария болған еді. Осы декларацияда анықталған адам құқығын қорғауға қатысты мәселеде әйел құқығы мәселесіне көңілі толмаған лесбианы бар, феминисті бар белсенділер жиналып, оған ойшыл, зерттеуші, ғалым әйелдер қосылып 1995 жыл шамасында құрылтай құра отырып Пекин декларациясы мен Іс-қимыл платформасы қосымша пайда болғанын біз гендерлік теңдікті талап етудің басы деп білеміз. Осы орайда, Philomena Cunk лақап атты ағылшын әзілқойдың айтқан сөздерін келтірдік:
- Екінші дүниежүзілік соғыста миллиондаған ер адам қаза болды.
- Бірақ, бақытымызға орай, адамзат жаңа ер адам түрін — әйелді тапты.
- Әйел атаулы тарих пердесінің артында қалып отырды.
- Олар ер адам үшін асыранды адам болып келген еді.
- Алдыңғы тесігінен жаңа адам шығара алатын сиқырлы қасиеті үшін адамзат әйелге шыдап келді.
- Бірақ, XX ғасыр басында әлеуметтанушы қауым таңғажайып жаңалық ашқан екен,
- Сөйтсе, әйел атаулы ер адам істейтін кез келген жұмысты үндемей жүріп істей алатын болып шығыпты.
Бұл мысқыл болғанымен, шынында, әйел атаулының адам санатына қосыла бастағаны ХХ ғ басында еді. Әйелді индустрализация мен капитализм арзан еңбек қолы етіп пайдалану үшін от басы, ошақ қасынан сыртқа алып шықты. Осылайша қалтасына ақша біткен әйелдің сайлау құқығын алған кез — феминизмнің бірінші толқынынан кейін де жағдайы жақсара қоймады. (Сайлау құқығы туралы Philomena Cunk айтқан тағы бір әзілде: «әйел енді өзіне ақыл айтып, жөн көрсетіп, жұмсайтын еркекті сайлап алу құқығына ие болды,» — дейді).
Сайлау, білім алу құқығы мен ер адам орына еңбек ету арқылы еңбекақыны енді-енді алып бастаған кезде екі жойқын дүниежүзілік соғыс болды. Әйелдің еңбек майданына келгені патриархатқа үлкен қолдау болып шықты. Сол соғыста жапырылып қырылып қалған еңбекке жарамды ер адам орнын, әрине, әйел еңбек күші басты. Бірақ қоғамда әйелді кемсіту таптаурыны өзгеріссіз қалды.
Мыңжылдап қалыптасқан таптаурынға негізделген әйелді кемсітудің арқасында, соғыс біткен соң 20-30 жылда қайта күшіне енген жас ер адам, әйелдің жұмыс орынын оп-оңай тарып алды. Ал, үй ішіне тегін қызмет етіп, мемлекетке жаңа адам туып беру еңбегіне әйел қайта жегілді. Әйелге үйдің ішінде төленетін бірде бар, бірде жоқ ақы мен сыртқа шығып, еркектің орнында жүріп табатын табысын мүлдем салыстыруға келмейді. Осылайша, ақысы кеткен, бірақ сайлау және білім алу құқығы бар әйел арасынан феминист және лесбиан белсенді шығып, әйелге қатысты кемсітушілікті жою жолын іздей бастады. Ізденіс нәтижесі Пекин платформасынан шыққан Гендерлік теңдік стратегиясы еді. 1979 жылы Әйелге қатысты кемсітушілікті түгелдей жою үшін БҰҰ арнайы конвенция қабылдап, комитет құрған болатын. Содан бастау ала отырып, 1990 жж бастап жыныс дегеннен гөрі, гендер деген түсінікке көп көңіл бөліне басталды.
Бұл гендерлік теңдік стратегиясы БҰҰ мүше елдің бәріне міндеттелді. Соның ішінде, КСРО ыдырауынан тәуелсіз болып шыққан Қазақстан Республикасына 1990 жж басында мүше болғалы бері аталмыш конвенция да қабылданып, Гендерлік теңдік стратегиясы 2005 жылы келіп жетті. Осылайша, Қазақстанда гендерлік теңдікті орнату іс-шаралары мен жету мақсаты көрсетілген 2006-2016 жж арналған стратегия қабылданып, біршама іс-шара жүргізілді. Бұл стратегияның бір нәтижесі 2016 жылға дейін өкімет пен үкімет және сот құрамында шешім қабылдау деңгейінде әйел санын 30% асырып тастаймыз деген меже қойылған еді. Өкінішке орай, 2016 жылы шешім қабылдау деңгейге қолы жеткен әйел үлесі өкіметте 30% жетер жетпес, үкіметте 10% жетер жетпес, сотта да ауыз толтырып айтатындай жетістікке жете алмаған күйі қала бердік.
Гендер түсінігі келе сала, әйел болмысы, тұрмысы мен құқығын терең зерттеген зерттеушілер ЛГБТИК+ адам құқығына келіп тірелді. Сексуалдық бағыт пен гендерлік сәйкестік (СБГС) түсінігі қалыптасып, осы белгі бойынша да адам кемсітілуі мүмкін екені талқыға салынды. Нәтижесінде, 2016 жылы БҰҰ СБГС белгісі бойынша тәуелсіз сарапшы сайланатын болды. Бұл мандатты үш жыл сайын Адам құқығы бойынша кеңеске кіретін ел өкілдері сайлайды. Қазақстан осы кеңеске екі сайлау болған кезде мүше болып сайлауға қатысты. Екі сайлауда да Қазақстан қалыс қалып, не жақ, не қарсы дауыс бермеді. Әрине, адам құқығын құрметтейтін, билігі демократия жолмен сайланатын елдің бәрі жақтап дауыс береді. Ал, адам құқығын бұзғыш, ауторитар билігі сайлауды өз ұпайына өткізетін елдер қарсы болып отыратыны таң қалдырмайды. Қалай болғанда, азғантай айырмашылықпен сайланып келеді.
2016 жылы Қазақстан алғаш рет «Феминита» жүргізген адвокация арқасында БҰҰ Адам құқығы комитетінен СБГС бойынша кемсітпеу жөнінде бірқатар ұсыныс алды. Осы нәрселерді ескеріп, ЛГБТИК+ адам құқығы сөз бола бастаған кез деп 2016 жылды алып отырмыз.
СБГС бойынша тәуелсіз сарапшы ЛГБТИК+ адам құқығы бұзылған кезде шара қолданатын механизм. Оның жұмыс істеу жүйесі әр түрлі құқық бойынша арнайы баяндамашы мандатына ұқсайды. Осы адам құқығының декларациясы қабылданғалы әртүрлі адам үшін құқық бұзылу ерекшеліктері барын ескеріп, әртүрлі қарар қаралып, қаулы қабылдғанғаны әлі де жалғасып отыр.
Енді қазір бала құқығы туралы сөз бола бастады. Бала құқығы туралы БҰҰ конвенция бар болғанымен, бала құқығына келгенде қоғам өте қатты қарсылық танытып отыр. Бала құқығын жан-жақты талқылау былай тұрсын, осыған дейін әйелге, ересек ЛГБТИК+ адамға кепіл етілген құқықтың өзі дауға қалып отыр. Ересек цисгендерлі ер адамнан басқа адам атаулыға кепіл етілген құқықтың бәріне қарсы Ұлттық құндылық немесе дәстүрлі (отбасылық) құндылық деген ұғымдар шыға келді.
Әзіл-шыны аралас, цисгендер ер адамнан басқа адам түріне берілетін құқықтан үріккен патриархал қауымның үрейін мынадай тізіммен сипаттадық:
- ескі әдіспен бүткіл жан-жануар түріне толық үстемдік орнаттық 😎
- мыңдаған жыл жинаған әдет-ғұрыпты жоғалту қорқынышты 😱
- білмеген, көрмеген жерге барып керегі не? 😤
- жан санымыз 8 миллиард! болды, саған басқа не дәлел керек?! 😈😡👹
Мысал ретінде Олжас Сүлейменовтың «Земля, поклонись человеку» деп астамсыған өлеңін келтіруге болады. Космосқа Қазақстан жерінен (пошымы фаллосқа ұқсап тік тұрғызып) ұшырған ракета жасаушы ғылым жетістігіне қанаттанған ақын өзі өсіп өнген жерді менсінбей «Жер, сені пайдаланып болдық. Сені тастап, шарықтап Көкті жаулаға аттанамыз!» дегендей қылады.
Феминист белсенді арасында тек лесбиан емес, веган, экология мен климат мәселесіне алаңдаушы белсенді көп. Феминист көзге патриархат қаншалықты ерсі көрінсе, жерді барынша былғап, тіріні өлтіріп, қиратып-жойып тастаушы зорлықшыл әрекет соншалықты наразылық тудырады.
Осыған дейін сөз қылған нәрселерді еске ұстай отырып, ұлттық құндылықты іздеп тарихқа үңіліп қарайық. Соңғы жылдары өмірімізді танымастай өзгертіп, тоқтаусыз ілгерілеп бара жатқан бұлыңғыр болашақ бойымызға үрей тудырды. Тарих тұңғиығында есіл тағдыр тас болып үйілді десек, үйінді астында қалған қасиетті асыл қазына — ұлттық құндылығымызды қалай аршып алсақ екен?!
Сонымен, қазірден бастап сонау сақ дәуіріне дейін қандай кезең болғанына бір көз жүгіртейік. Тоталитар кеңес одағынан құтылып, тәуелсіз Қазақстан Республикасы болған 1990 жылдан бастап осы кезеңге дейінгі жерден ұлттық құндылықты іздемедік. Өйткені, дәріс басында талқыда оны тарих тұңғиығына сүңгу арқылы іздеу керек деп шештік.
Тәуелсіздіктен бұрын Тоталитар кеңес одағында ұлттық құндылық болуы мүмкін бе еді? Әр ұлт ою-өрнегі бар киімін киіп алып ән шырқап, би билегеніміз кеше. Бірақ біздің қазақты қынадай қырған, тентіретіп тарыдай шашқан қызыл айдаһардың кезін қалайша біз құнды дей аламыз?
Одан әрі барсақ орыс патшасына бодан болған кез тұр. Ол заманда төре мен қара ынтымағы ыдырап, елдігімізді сақтай алмай, оқ-дәрісі жойын отырықшы патшалыққа жем болдық. Бодан болып, ұлан байтақ даламызыды айналдыра қоршау салып, жайылым жерімізді ығыстырған орыс патша кезеңінде ұлттық құндылықты жоғалтпасақ, таба алмаймыз-ау! Орыс патшаға болыс болған Абай ақын өнеріне үңіліп, ұстарасыз ауызға түскен мұрт арасынан ұлттық құндылықты іздемей-ақ қояйық.
Бодан болғанға дейін қазақтың қазақ болған кезі бар. Ұлттық құндылығымыз қалса, сол дәуірде қалды-ау деп топшыладық. Оның ар жағындағы Шыңғысқан қағанның Жошы ұлысы, одан әрі Түрік қағандығы, оның алдындағы Ғұн, атам заманғы Сақ кезіне көз салсақ бәрінде бір ұқсастық — жаз жайлау, күз күзеу, қыс қыстау, көктем көктеу жайлап дала төсінде дүниедей дөңгелек киіз үйін құрып, түтінін түтетіп, атқа мініп, малын жайып жүрген, өлгенде ғана төрт қабырға бейітке тоқтаған қазақты көреміз. Маман болмаған соң, біз тарихшы ғалым сөзіне сүйеніп жазып отырмыз.
Тарихшы ғалым қазақ тілінде қалған ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді деген сөз, сонау б.д.д. Геродоттың сақ дәуіріндегі салт-дәстүрді сипаттап жазған естелігімен түсіндіреді. Әйел өзіне ұнамаған ер адамға қосылуды қаламаса, ал ол еркек қыр соңынан қалмай қойса, екеуі күреседі екен. Әйел жеңсе, жеңілген еркектің мойнына қыл арқан салып малай қылады дейді. Жеңілсе ғана әйелі болуы тиіс.
Геродоттың замандасы Сапфо атты ойшыл, ақын, білгір Лесбос аралында тұрған. Лесбиан сөзінің төркіні сол әйелге қатысты. Сонау сақ дәуірінде әйел мен әйел арасындағы махаббатты жыр қылған Сапфо кезіне көз жүгіртсек, біздің еркін далада қаламаған еркегін күресіп жығып, малай қылатын әйел туралы не ойлауымызға болады? Оның үстіне тілімізде ұмытылған заманнан бері келе жатқан сөзді қосыңыз. Яғни тілімізде бар қызтеке (қыз текті), еркекшора сөзді біз кеше ғана шығарып алдық деп айта алмаймыз.
Жерімізді жаулап, отар қылған елдің ұлттық құндылығы қандай? Орыс тарихында крепостной деген түсінік болды. Яғни бүкіл қоғамның азғантай бөлігі ақсүйек. Қалғаны — құл. Бізді отар қылып, билігін жүргізген кіремілдің үгіт-насихаты 2012 жылдан бастап дәстүрлі (отбасылық) құндылықты жоғалттық деп зарлап келеді. Сонда, бұл шіркіндер ақсүйек пен құл болып бөлінген заманын аңсап отыр ма?
Ұлттық құндылық пен дәстүрлі (отбасылық) құндылықты қазбалап іздеп отырып қайда жеттік?
Қай тарихтың тұңғиығына сүңгуді өзің таңда десе, феминист лесбиан әйел ойланбастан көшпенді қазақ ұлттық құндылығын таңдайды.
Біріншіден, біз отырықшы өркениеттен гөрі көшпенді өркениет жер-анаға қамқор, жан-жануарға мейірімді деп білеміз. Отырықшы қала салуды қойып, өзіміздің көшпенді шаруашылыққа көшкен дұрыс.
Екіншіден, біз жер қойнауынан бас-көзсіз сорып, жер-көкті былғап жатқан мұнай, газ, уран т.б. — маңдайымыздың бес елі соры дейміз. Шахта, бұрғы, ұңғы түгел жауып тастап, жерді қайта қалпына келтіру керек дейміз.
Үшіншіден, әйел қауымынан миллиондап жас еркек туғызуды тоқтату керек дейміз. Қақпас шал шыңына шығып алған әр патриархал қоғам жас еркекті қыршыннан қиып өзара қырқыстыруды мыңдаған жыл әдет қылды. Бүкіл адамзат тарихы тек соғыстан тұратыны содан. Беталды тіршілікті жоюды біржола тоқтату үшін, әйелді зорлауды қалыпқа қойған заманды артқа тастап, бала туу мәселесін біржола жатыры бар, туу мүмкіндігі бар қауым өзі өлшеп-пішіп шешуі керек дейміз. Ішер ас, киер киім жетпей жатса, адамды өзара қырқыстырып қырғанның орнына, бала тууды азайта аламыз.
Төртіншіден, отырықшы қауым біздің көшпенді өркениетімізді жабайы, қала бұзғыш қылып сипаттайды. Қала бұзып, жер босатқандағы мақсат — мал жайылымын кеңейту болар. Фемининистік көзге мал еркін қозғалатын жерді босату өте құптарлық құндылық. Адам тууды азайтып қана қоймай, жерді басқа тіршілік иесіне босатуды қайтадан ұлттық құндылық қылуға біз дайынбыз.
Бірақ жеріміз бен елімізден айырған отаршы үгіт-насихатында айтып отырған дәстүрлі (отбасылық) құндылық дегені — көшпенді қазақтың ұлттық құндылығы емес, не тоталитарлы коммунист парития басқарған одақ, немесе орыс империясы, немесе крепостной шаруа кезеңіндегідей аз топта бүкіл құқық бар, қалған халық құқықсыз құл заманын аңсау.
Мақаланың басында айтқан қазақы ұлттық құндылық пен креміл насихаттап отырған дәстүрлі (отбасылық) құндылық айырмасы осы.