13 мамыр күні бүкіл әлемдік орыс тілді медиа мен Қазақстан талқылаған Бишімбаев-Байжанов сотының үкімі шықты. Оғаш бейбіт жиын ұйымдастыру тобы бастауымен біз де Алматыдағы жаяу жүретін көшеде фемицидке қарсы шерулеттік. Оғаш қатарында тәуелсіз белсенділер мен қатар «Феминита», Құштар секілді бастама белсенділері бар. Сөйтіп 13 мамыр күнгі шеру — «Оғаш» жасаған алғашқы акция болды.
Қазақстанда бейбіт жиын мен шеру жасау құқығы қатты шектеледі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 32-бабы және ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19- және 21-бабында кепілдік етілген құқық негізінде 2020 жылғы 25 мамырдағы № 333-VІ “Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы” Қазақстан Республикасының Заңы (ары қарай бейбіт жиын туралы Заң) болғанымен біз сияқты «Оғаш» азаматтық белсенді атаулыға қала әкімшілігінен рұқсат алу мүмкін емес.
Қала әкімдігі әртүрлі сылтау айтып, өздерімен ауыз жаласпаған, өзін жата келіп мақтай кетпейтін, әділетсіз немесе заңсыз әрекеті үшін сынға алған азаматтық белсенді атаулыға шүйлігіп халықаралық және ұлттық заңда бекітілген құқықты бұзуға шебер.
Сол себепті де, біз 13 мамыр күні әкімдіктің келісімін күтпей шерулеттік. Осы жылы 8 наурызда феминистік шеруге рұқсат бермей қойғанда әкімдік «бұл феминист белсенділер зорлық-зомбылыққа қатысты тақырыпты желеу етіп, ЛГБТ белгісін алып шығады, сондықтан бұларға рұқсат жоқ» деп ашықтан-ашық бізді кемсітті. Конституцияда ешқандай белгісіне (бұл жағдайда Сексуалды бағыты мен Гендерлік сәйкестігіне) қарай ешкімді кемсітіп, заңда бекітілген тәртіп бойынша бейбіт жиын жасау құқығы шектелмеуі керек. Бұлайша заңды белінен басып, азаматшалардың құқығын шектеу заңсыз.
Бейбіт жиын туралы Заң бойынша «әкімдікке хабарлама бере қоймадың» деген желеумен 14 мамыр күні шеруге қатысқан алты адамның 3-ін полиция ұстап Полиция басқармасына алып барып, іс қозғады. Екі белсендіге, оның ішінде «Феминита» қос құраушысының бірі Гүлзада Сержан бар, Әкімшілік құқық бұзу заңын бұзды, яғни Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу деген 488-бабының 7-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасында белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілетін жиналыстарды, митингілерді, демонстрацияларды, шерулерді, пикеттерді не өзге де жария іс-шараны ұйымдастыру және (немесе) өткізу, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, жеке тұлғаларға – елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді» деп айып тақты.
Полиция басқармасы қызметкері дайындаған істе барлық дәлел @feminita_kz инстаграм парағынан алынған. Полиция шеру болған күні «Феминитаның» инстаграм парағын аңдып, мониторинг жасап отырыпты-мыс. Содан 13 мамыр күні сағат кешкі 19:00 шамасында салған видеомызды сағат 17:30-дан бастап көріп, бір сағаттың ішінде әкімшілікке «мына азаматшалар» шеру туралы сізге хабарлады ма деп сұрау салған ғой. Полиция сұрау салып жатқанда біздің видео интеренет желісіне әлі салынбаған екен.
Полицияның белсенділерге таққан айыбы «шеруді ұйымдастырды» дейді. Бірақ істе ұйымдастырған туралы бір де бір дәлел таппаған қорғаушы жазбаша түрде ұйымдастыру туралы дәлелді анықтап көрсетуді сұрады. Бұл сұранысты полиция қызметкері, «феминист аулаушы» аталып кеткен Дәурен Елубаев қайда жібергені белгісіз, сұраныс ұшты күйлі жоғалып, тіркелмей қалды. 14 мамыр күні күн ұзақ біз олардан таққан кінәларын дәлелдеуін сұрап, тағылған айыппен келіспей түсініктеме жазып кешке тарқастық.
Айып тағылып шыққан Гүлбақыт Өтебаева мен Гүлзада Сержанды полиция сыртында ЛГБТИК қауымы құшақ жая күтіп тұр екен. Екі белсендіге де қолына ертең 15 мамыр сағат 11:00 полиция басқармасына қайтып кел деген шақыру қағаз ұстатып жіберді.
15 мамыр күні шақырған уақытта екі белсенді де полиция басқармасына келдік. Полиция апыл-ғұпыл дайындаған ісін Аудан аларық арнайы сотқа апарып, ана қағазы мен мына қағазын тасып жүріп алды. Екі белсендіні екі бөлмеде отырғызып онлайн сотты күттіріп қойды. Түскі ас кезінде бір сот басталмай жатып, мобилды телефонын шұқылап журналистерді қоса қоймаған полиция қызметкеріне «неге дайын емессіңдер?» деп кейіп, 14:30 бастаймыз деді.
Түскі асымызды полиция асханасынан ішіп алып, полиция бөлмелеріне бөлініп тағы күттік. Әйтеуір созбақтап-созбақтап асықпай екі сотты өткізіп, мойнымызға әр қайсымыз 50АЕК (184600 теңге) арқалап шыққанда сағат 17:30 шамасы болыпты. Сыртта біздің жеке заттарымызды алып қалған Анастасия Рощупкина күтіп тұр екен.
Ертеңі-бірсүгіні біз «Феминита» мен Гүлбақыт өзінінің парағына жылу жинайтынымызды жаздық. Гүлбақыт айыппұлды төлеп, апелляция жасамаймын деп шешті. Гүлзада Сержан істі ары қарай жалғастырып, шағымданып, іс қозғау мен сот кезіндегі құқық бұзушылық жөнінде адвокация жасаймыз деп шештік.




Бұл іс басқа бейбіт жиын жасау құқығын бұзу ісіне ұқсас. Қазақстанда екі күннің бірінде тура осылай кейбір адамдар қандай да бір белгісіне, саяси көзқарасы, ұстанымы, көзқарасы немесе тағы басқа белгісіне қарай кемсітіліп, заңда бекітілген құқығы мен мүмкіндігі шектеліп жатады. Сондай жағдайда «Феминита» сияқты әйел құқығын қорғаушы бастама белсенділері құқық бұзушылыққа қарсы тұрып, бұлай ауторитар түрде құқық пен еркіндікке нұқсан келтіруге жол бермеу керек.
Төменде бізге қаржылай көмек жіберген тізімді беріп отырмыз.