2024 жылдың наурыз айы басында ILGA (International Gay and Lesbian Association) ұйымы Женеваға ЛГБТИК адам құқығын қорғап жүрген белсендіні әр елден шақырды. Шақыруды «Феминита» атынан біз де қабыл алып, сол жиынға қосылдық. Бұл жиынды ұйымдастыруға Еуропаның бес еліне лотерея сатушы Postcode атты ұжым өздері ILGA ұйымын іздеп тауып, көмек ретінде қаржы бөлген екен. Postcode түскен пайданың 1/3 бөлігін ұтысқа, 1/3 бөлігін қоғамға игі іске, 1/3 бөлігін қызметкер керек-жарағына жұмсайтын көрінеді. Сөйтіп, біздің іс-шара қоғамға қажет игі іс ретінде қаржыланған екен.
Шақыруды біз сияқты қабыл алып, Американың оңтүстігі, Орталық Азия, Шығыс Еуропа, Африка солтүстігі сияқты аймақтардан барлығы 10 ЛБТК (лесбиан, бисексуал, трансгендер және куир) белсенді жиналыппыз. Барлығымыз БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы) механизмінен хабардар, әр қайсысы өз елінде адвокация жасап жүрген белесенді, әр түрлі ұйымнан келген екенбіз.
Жиынның алғашқы күні ISHR (International Service for Human Rights) ұйымындағы үш әріптеспен бірге Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қазіргі заман талабына қарай өзгерту мәселесін талқылауға қатыстық. Декларация БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған. Содан бері адамзат пен қоғам дамуында талай өзгеріс болып келеді. Жаңа заман талабына сай құжатты өзгерту керек деген бастама бар екен. Мысалы, ЛГБТИК адам құқығына қарсы анти-гендер қозғалысы пайда болды. Адамды СБГС (сексуалды бағыты не гендерлік сәйкестігіне) қарай шеттетіп, сол шеттетуді саяси құрал қылатын жағдай күнделікті өмірімізге әсері болып жатыр. Соны ескере отырып, декларацияға өзгерту мен толықтыру ұсынылмақшы. Бұл тек бізге қатысты жағы. Бұған қоса ауторитарлы мемлекеттерде адам құқын қорғаушыға қарсы неше түрлі құйтырқы әрекет болатыны азаматтық қоғам белсендісінің қай қайсысына болсын, таңсық емес.
Бұл ISHR АҚШ елінен шыққан қоғамдық ұйым. Бұл ұйыммен «Феминита» кезінде БҰҰ СБГС бойынша тәуелсіз сарапшы (Independent Expert on Sexual Orientation and Gender Identity) қайта сайлауына қатысты адвокация жасағалы бері таныспыз. Тәуелсіз сарапшы үш жыл сайын қайта сайланып тұрады. Оны сайлаушы — БҰҰ Адам құқықтар кеңесі. Біз Женевада бірнеше миссиямен қатар Қазақстан миссиясымен де кездесіп, адам құқықтары толыққанды қорғалуы үшін ЛГБТИК адам құқығы қорғалуы маңызды екенін айттық. Нәтижесінде Қазақстан миссиясы Адам құқықтары кеңесіне мүше ел ретінде дауыс беруде қалыс қалған. Біздің елдің дауыс бергеніне қарап Өзбекістан елі де қалыс қалған көрінеді. Қарсы дауыс бергеннен гөрі, әрине, қалыс қалғаны жақсы. Егер еліміздің атынан қарсы дауыс берсе, онда Қазақстан мемлекеті ЛГБТИК адам құқығына қарсы деген емеурін деп түсінеміз. Одан үш жыл бұрынғы дауыс беру кезінде Қырғызстан қарсы болып, Қазақстан онда да қалыс қалған. Соңғы сайлау кезінде Қырғызстан кеңеске мүшеліктен кетіп, Өзбекістан қосылған болатын. Орталық Азиядағы екі ел осылайша қарсы болмай, қалыс қалғаны — біздің адвокацияның жемісі деуге болады.
Сонымен, алғашқы кездесуден шығып, OHCHR (Office of the United Nations High Commissioner for Human Rights — БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссарының кеңсесі) бардық. Кеңседе денсаулыққа қатысты құқық бойынша арнайы баяндамашы кеңсесінің қызметкерімен кездесіп, көрген-білгенімізді бөлісіп шықтық.
Үш күндік іс-шараның алғашқы күнінің аяғына таман БҰҰ негізгі үйіне кіріп, мүгедектігі бар кісі құқығына қатысты жылда өтетін дебатты бақыладық. Біздің басымызды құрап шақырған ILGA ұйымы атынан Моңғол елінен келген әріптес Enkhmaa сөз сөйледі.
Іс-шараның екінші күні топ-топқа бөлініп әр түрлі құқық бойынша арнайы процедура баяндамашы кеңселеріне кеттік. Мен бірнеше әріптеспен бірге Бейбіт жиын жасау және ұйым құру бойынша арнайы баяндамашымен (UN Special Rapporteur on freedom of assembly and association) кездесуге бардым. Елімізде бейбіт жиын ұйымдастыру кезінде кездесетін қиындықтан хабардар қылдым. Феминистік ұйымдар мен ЛГБТИК белсенді топ арасына іріткі салу, бейбіт жиын жасау құқығына келген нұқсан мен барлық әйел құқығын қорғауды көздеген феминистік күн тәртіпті ырду-дырду қылған қала әкімшілігі мен мемлекет билігінің әрекетін паш еттік.
Бұл бейбіт жиын және ұйым құру жөніндегі арнайы баяндамашының мандаты жуырда аяқталады екен. Бұрын осы кісімен істес болған белсенділер оның біліктілігін жоғары баяндады. Енді оның орнына сол сияқты адам құқығын қорғауға жанын салып кірісетін кісі келеді деп үміттенеміз. Қалай болғанда да, оның кеңсесінде жұмыс істеп жүрген көмекші кісі өзгермейді, сол кісі де бізбен кездесуге қатысып, айтқан мәлімдемемізді жазып алып отырды. Келесі келген баяндамашыға жеткізетінін уәде етті.
Осы кездесуден шығып, білім алу құқығы бойынша арнайы баяндамашымен кездесуіміз керек болған. Ол кісі науқастанып қалуына байланысты кездесу болмай, оның орнына мүгедектігі бар адам құқығы бойынша арнайы баяндамашымен кездесуге бардық. Бұл кездесуде интерсекционалдық мәселесін тілге тиек еттік. Мүгедектігі бар адам құқығын қорғаушылар мен ЛГБТИК адам құқығын қорғаушылар арасында осы мәселе тереңірек талқыланып, ұштасып жатқан мәселелерді түсіну, өзара қолдауды күшейту керек екен.
Кездесудің үшінші күні түске дейін ILGA ұйымында адам құқығын қорғау бойынша сарапшы Gitau Mwangi, Ксения Кириченко, Guillermo Ricalde үшеуі трениң ұйымдастырды. Тренинг кезінде БҰҰ әртүрлі механизмдерін талқылап, білетін-білмейтін нәрсені атап айтып біліктілігімізді ұштадық. Арнайы процедура, тақырыптық баяндама, комитеттер мен конвенциялар, ұсыныс пен оның орындалуын бақылау, мәселеге қайта оралу (follow-up), есеп жазып жіберу, мәлімдеме жасау, т.с.с. сияқты әртүрлі адвокация құралына терең үңілдік. Әр қайсымыз келген елдің мемлекеті қай БҰҰ деңгейдегі келісім-шартты қабылдап, оны қалай орындап жатқанын шолып өттік.
Түскі астан кейін бізге СБГС бойынша Тәуелсіз Сарапшы мен «Еркін және Тең» кампаниясынан екі өкіл келіп қосылды (Оffice of the UN Independent Expert on SOGI and OHCHR SOGIESC office / ‘Free and Equal’). Олар ЛГБТИК қауымдастығына қатысты адам құқығын қорғау бойынша өздері қандай көмек көрсететінін айтып берді. Осы арнайы өкілге біз жүгініп, Қазақстанда ЛГБТИК қоғамдастыққа қатысты бұзылған құқық туралы хабарлап тұрамыз. Өкінішке орай, біздің елде басқа көптеген елдегідей СБГС негізінде адам құқығы өрескел түрде бұзылады. Атап айтқанда, кей елде бізге қарсы заң шығарып кемсітсе, кей елде теңдік пен құқық негіздерін жиып қойып ЛГБТИК адамды кемсітіп жатады. Кемсітуге келгенде кейбір саясаткер де, қоғам қайраткері, ел алдында беделі бар адам болсын, популизмге беріліп, елдің назарын жек көрушілікке, қатігездік пен қастастыққа бұрып жатады.
Одан кейін бізге профессор Philip Jaffé, БҰҰ Бала құқығы комитетінің мүшесі қасында көмекші әйелмен бірге қосылды. Ол кісімен аталмыш комитет қалай жұмыс істейтінін, қандай мәселені қалай қарайтыны туралы талқыға салып өттік.
Ұзақ күннің соңында сағат 19:00 кейін Dr Hélène Tigroudja деген Адам құқығы комитетінің мүшесімен кездестік. Ең қызық кездесу осы кісімен болды. Бұл кісі адам құқығы үшін барынша жанын салып кіріскен әйел көрінді. Ол біздің әртүрлі сұрағымызға аса ыждағатпен көңіл бөліп, өте тиянақты жауап берді. Бұл кісіге өзінің БҰҰ Адам құқығы комитетіндегі қызметі үш жылдан кейін аяқталған соң, келесі сайлауда СБГС бойынша тәуелсіз сарапшы орнына өзін ұсынуын сұрап тілек білдірдік. Қоштасып суретке түскен кезімізде Қазақстан туралы толығырақ білгісі келетінін айтып, маған өзінің карточкасын берді. «Қандай да мәселе болса, жазыңыз» — деді.
Төбедегі суретті түсірген: Guillermo Ricalde.