Мизогиния деген не?

Мизогиния (ескі грек тілінен μῖσος – мизос – «жек көру» және γυνή – гини – «әйел») – әйел жынысына бағытталған өшпенділік пен дұшпандық көзқарас, саясат, философия және мәдиниет. Мизогиния әйел жынысын, яғни әйел атаулыны жек көру, оларды менсінбеу, олардан сескену, оларға сенбеу деген мағынаны білдіреді. Мизогиния әйелдерді ерлерге қарағанда төмен әлеуметтік жайда ұстау үшін қолданылатын сексизм саясатының бір түрі. Мизогин немесе мизогинист – мизогинияны қолдайтын, соған табынушы адам болады. Мизогиния көп және әртүрлі түрде кездеседі. Мысалы, теріс пікір, жыныстық кемсітушілік, әйелді кемсіту, әйелді мәжбүрлеу, әйелді аңду, әйелге қатысты зорлық-зомбылық, әйелді әйел болғандықтан өлтіру (фемицид, мизогиндік терроризм) немесе сексуалды затқа айналдыру, яғни әйелдің адамзаттық тұлғасынан айырудың бәрі мизогиния болып табылады. Әліге дейін біраз елдер мемлекеттік деңгейде, яғни заңды түрде, әйел құқықтарын бұзып келе жатыр. Кей жағдайда мизогиния әйелді төменгі сатыда тұрғаны үшін марапаттайды.

Мизогинияны жеке адамдардың қатынасы ретінде де, ең алдымен ерлердің, сонымен бірге кең таралған мәдени әдет-ғұрып немесе жүйе ретінде де түсінуге болады. Кейде мизогиния айқын және қатты байқалады ; басқа кезде мизогиния тартымды болып көріну үшін неғұрлым нәзік немесе бүркемеленген түрде кездеседі. Мысалы, патриархалды қоғамда әйел жынысына жаны ашығандай болып айтылады, әйел не қызды қараңғы батқан кезде зорлап немесе тіпті өлтіріп кетуі мүмкін, сондықтан олар үйден шықпауы тиіс дейді. Сөйтіп патриархат пайда болған кезден бері, қоғам әйел өмірін, еркіндігін, мүмкіндігін, уақытын, денесін, қадамын және әрине білімін тарылту, шектеу үшін, осындай әйелге арнап бейресми комменданттық уақытты және басқа да нәрсе ойлап тапқан. Әйел шектеуге қарсылық көрсетсе оны жазалауға тырысады, көбіне таяққа жығып, ауыр сөз айтып. Бірде бір заманауи әйел құқығы оңай жолмен немесе патриархалдық қоғамның мейірімділігінің арқасында келген жоқ. Оның бәрін алдыңғы ғасырдағы әйелдер күресіп, талап етіп, орпа-сорпалары шығып, ақырып, таяқ шеп, зорланып, түрмеге түсіп, кейде өмірлерін беріп алған. Суфражет қозғалысы Ұлы Британияда басталып көп елдерге таралған. Суфражет активистер көбіне әйел саясатқа қатысып дауыс беру мүмкіндігі үшін күрескен болып танылды, дегенмен олар тек қана саяси  құқықтарды армандамай, басқада құқықтарға (жыныстық, әлеуметтік, заңгерлік, жеке, күнделікті ж.б.) қол жеткізу үшін бел байлаған. Мысалы, олар мемлекет әйелдерге паспорт (құжат) беруін сұраған немесе әйелдерге арналған қоғамдық жерлерде әжетханалардың болғанын талап еткен, өйткені патриархалды қоғамда әйел үйінен екі-үш сағаттан әрі кетпесін деп әйелдерге арнап әжетханаларды әдейі қоймаған. Тарихта суфражеттер ең бірінші саяси тұтқын болып келеді. Суфражеттерден кейін тағыда қаншама әйелдер құқық үшін күрескен. Сол нағыз батыл әйелдердің арқасында қазір көп елдерде әйелдер еркектермен тең  мектепте, колледжде, университетте білім ала алады. Солардың арқасында біз көлік жүргізе аламыз, дауыс бере аламыз, жұмыс істей аламыз, үйден ер адамсыз шығала аламыз, ажырасуға өтініш тастай аламыз, туған балаларымызға ие бола аламыз, тіпті тұрмыс құрмауымызға болады,  жеке кәсіппен және спортпен айналыса аламыз, шалбар және кроссовкі кие аламыз, шашымызды қысқа қия аламыз, орамал тақпауға, хиджап кимеуге болады және басқа да құқығымыз бар. 

Мизогиндік, яғни патриархалды, қоғамдарда ерлерге және әйелдерге екі түрлі тәрбие беріледі. Ондай қоғамда ерлер кішкентай кездерінен өздерін әйелдер мен қыздардан жоғары санап өседі. Ал әйелдерді ерлердің қызметшісі етіп тәрбиелейді, яғни ер жынысына тәуелді қылып деген мағынада. Мысалы, ер балаға үйде тамақ істеуді, тазалауды, жинастыруды, кір жууды, балаға қарауды үйретпейді, көбіне ондай нәрселерге қыз баланы тартады. Ер балаға ыңғайлы киінуге рұқсат береді, қызғылт кигізбейді, шаштарын көбіне өсірмейді, ойыншық ретінде оларға көлік, робот, конструктор, мылтық, белесепет береді. Қыз балаға келгенде оны ыңғайсыз көйлекке киіндіріп қояды, шаштарын ұзын қылып өсіреді, болашақта ана болуы тиіс деп қуыршақ береді, бет-әлпеттің сұлулығын сақтау және ерлерге қызымет ету ең қымбат зат деп миларына құяды. Басқа еркектердің қылықтарын үйде, мектепте, далада, теледидарда/интернетте күнде көріп ер бала сондай болу керек деп өседі, әйелдерге қарап олар малай, құл болуы керек деп түсінеді. Қыз бала анасына, әпкелеріне және басқа әйелдерге қарап, көбіне малай болу менің міндетім деп түсініп өседі. Сөйтіп еркектер жөргектен бастап өздерін әлемнің қожайыны ретінде сезіне бастаса, әйелдер өздерін екінші жыныс, екінші сұрыптағы адам ретінде сезеді.

Мизогиндік қоғамда сондай-ақ дәстүрлі әйел мінез бен қасиеттер кемсітуге ұшырайды және кейде жазаға тартылады (бет-бояйтын, әдемі киінетін, қысқа киетін әйелді кейде жезөкшеге теңестіреді немесе көп балалы ананы жәрдемақы немесе пәтер алу үшін туды деп намысына тиеді. Ұяттан тіпті айырған мизогин адамдар көп балалы анаға балаларды жезөкшілікпен айналысып тапқансың деп айтып бетіне түкіреді. Мизогиндік қоғамда көбіне еркекшілікке, яғни еркекке қатысты тақырыптарға, шектен тыс мән беріледі. Мысалы, жақында Швеция қар жауған күні біріншіден көлік жолын емес, жаяу жүргінші жолын тазалауға шешім қабылдаған. Жұмысқа, мектепке, бала бақшаға үлгеру үшін жаяу жүретін адам көліктегілерге қарағанда ертерек шығады және қар жауған күні мұзтайғақтан көбіне солар зардап шегіп ауруханаға түседі. Негізінде бұндай жағдай жалғыз ғана Швецияда емес, дегенмен бұған әзірше тек қана Швеция назар аударыпты. Мұзтайғақтан зардап шеккендер (олардың көбі әйел мен бала, сонымен қоса қариялар) медицина мен әлеуметтке қанша жүктеме әкелетінін санап шыққан Швеция, жол саясатын өзгертіпті. Енді Швеция біріншіден ердің, яғни көлігі бардың, қамын ойламай, жаяу жүретін жолды тазалап әр қыста медицина мен әлеумет жағына үлкен қаражат бөлмейтін болды, себебі мұзтайғақтан зардап шегетін азамат саны қатты азайды.

Мизогиния сөз ретінде алғашқы рет ежелгі грек шығармаларда кездеседі, ағылшын тілінде 17 ғасырда Оксфорд сөздігіне енгізілген, ал 1974 жыла Андреа Дворкинның Woman Hating: A Radical Look at Sexuality (“Әйелді жек көру: жыныс мәселеге қатал қарау”) кітабі жарық көрген соң ол сөз ағылшын тілге қайтып келген, сөйтіп басқа тілдерде де айтыла бастаған. Алайда дағды және көз қарас ретінде мизогиния жүздеген ғасыр бұрын кең таралып, түрлі, тіпті барлық деп айтсақ қате болмас, дәстүрлерге тамырлаған. Ол дүние жүзіндегі өнерде, әдебиетте, тілде, адамзат қоғамының құрылымында, тарихи оқиғаларда, мифологияда, философияда және діни шығармаларда кездеседі. Мысала қазақ тілінде мизогиндік мақал-мәтелдер көп. “Қойшыны таяғынан, әйелді аяғынан” деп зорлық-зомбылық жағдайларда әйелді, яғни жәбірленгенді, кінәлайды, себебі әйелдің сөзіне сенуге болмайды және ол әрқашан өзі кінәлі (далаға шыққан, қысқа киген, ауызына ие болмаған, тартымды болған, сыпайы болған, таксиге отырған, танымайтын адаммен сөйлескен т.б.). “Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман” деп ажырасқысы келген әйелді туыстары қабылдамай шеттетеді және оларды жауға теңестіреді. “Қызға қырық үйден тыйым” деген мақалды да еске түсіруге болады. Көп тілдерде “әйел” деген сөз “екінші”, “еркектен кейін”, “ұсқынсыз еркек”, “ұсқынсыз адам” және басқа ұқсас мағыналарды білдіреді, ал “еркек”, “адам”, “бірінші” деген сөздер синоним болып қолданады. Мысалы, ағылшын тіліндегі man деген сөз адам және еркек деген мағынаны білдіреді, ал woman яғни әйел деген сөздің “адамнан кейінгі” деген этимологиясы бар.

Мизогиния көптеген мифологиялық, діни, философиялық жүйелердің және көп әдебиеттің көрнекті белгісі ретінде кездеседі. Бірнеше мысал келтірейік. Ежелгі Грек дінінде алғашқы адамдардың бәрі еркек болған екен. Олар Олимп тауындағы құдайларға теңдей болып бақытты өмір сүріпті. Бір күні Зевс атаулы құдай титан Прометейге ашуланып бірінші әйелді адам әлеміне келтіріпті. Ол әйелдің аты Пандора болған. Мифте Пандора бәлекет толған құмыраның ауызын ашып, әлемде қара жұмысты, ауруды, кәрілікті, өлімді, соғысты, ұрысты, арсыздықты, зұлымдықты және басқа бақытсыздықты шығарған. Ал аврамдық, яғни яһудилік, христиандық және ислам, діндердің айтуынша, Адам мен Хауа Жәннатта өмір сүрген, алайда Хауа құдай ережесін бұзып, білім ағашының жемісінің дәмін көріпті. Содан кейін құдай Адам мен Хауаны Жәннаттан қуып жіберіпті. Бұл діни шығармаларды мизогиндік деп қарауға болады, себебі онда әйел өз әрекетімен және тілазарлығымен дүниедегі бар бақытсыздық пен бәлекетті әкелді деп түсіндіреді. Діни мәтін мен оның мизогиндік насихаты ұрпақтан ұрпаққа дәлел ретінде үйретіліп келе жатыр, сөйтіп әйел құқықтарын жүйелі түрде қысымға алу үшін және шектеуді ақтау үшін пайдаланған.

Көптеген беделді батыс философ шығармалары мизогиндік идеяларды білдірді, соның ішінде Аристотель, Рене Декарт, Томас Гоббс, Джон Локк, Дэвид Юм, Жан-Жак Руссо, Геогр Гегель, Артур Шопенгауер, Фридрих Ницше, Чарлз Дарвин, Зигмунд Фрейд, О. Вайнингер, Освальд Шпенглер, Джон Лукас және басқалар. Сондықтан феминист ғылымдар батыс мәдениетінде бар мизогинияны тек қана аврами дінді жазғырмай, осы философтардың ықпалды шығармаларын да кінәлайды. Мысалы, әйел мен еркек теңдігіне қарсы шыққан Жан-Жак Руссо “Эмиль, немесе тәрбие туралы” трактатында былай жазған: “Қыз балаға түскен ауыртпалықты әрқашан сөзбен ақтаңыз, дегенмен оларға бәрібір ауыртпалық түсіруді тоқтатпаңыз… Жастайынан алдынан кедергі қойып отыру керек… Басқаның еркіне көндіру үшін қызды үнемі мәжбүрлеу қажет, сол кезде олар мақсат-арманын жүрегінен қиналмай өз қолымен үзеді”. “Әйел мінезді болып келеді. Неліктен? Өйткені біз [еркек атаулы] олардың мінезін ешқашан түсінбейміз. Бірақ әйел мінезі тіпті таяздың таязы”, деп Ницше “Пұттардың ымырты” кітабында жазған.

Мизогиндік насихат арқасында көп қоғамда әйел екінші сұрыптағы адам болып саналып келген. Мысалы, көп әйел өмірін төрт қабырғада өткізген, еркекпен тең білім ала алмаған, жұмыс істеуге рұқсат болмаған, тұрмысқа шығуға мәжбүрлеген, ажырасуға арыздана алмаған, үйде де, далада да зорлық-зомбылыққа тап болған, ешқандай мүлікке қара басымен ие бола алмаған және ешқандай нағыз билікке қол жеткізе алмаған. Ел басқарған әйел дәуірі тарихта өте сирек кездеседі және олар билікке қол жеткізген кезде тақта ұзақ отырмаған немесе нағыз билікті еркектер ұстап тұрған, мысалы туысы не көңілдесі, уәзірі, кеңесшісі, министірі. Тақты ұзақ ұстаған әйелдер туралы ескі тарихшылар (олардың бәрі әрине еркек болған) жақсы нәрсе жазбаған, тіпті олар еркек-патшаларға қарағанда халыққына/еліне көп пайда тартса да, патшайымдарды қанішер, жексұрын, нақырыс, жеңіл мінезді қылып көрсеткен.

Әйел жынысын тек қана ер санаты емес, негізінде көп әйелдер де жек көреді. Ондай жек көрушілік ішкі мизогиния деп аталады, яғни меңгерілген, бойына заһардай сіңіп кеткен деген мағына. Ол жек көрушілік кейде анық көрінбейді және әйел оны өз бойында бар екенін сезбеуі мүмкін. Мысалы, заманауи қоғамтану зерттеуі бойынша сөзбен балағаттау екі түрге бөлінеді – бейтарап және тек қана әйелге қатысты балағат лексика. Және әйелдер басқа әйелді төмендету үшін тек әйелдерге қатысты балағатты қолданады. Ішкі мизогиниянын бірнеше психологиялық себебі бар.

Фемицид (femina – әйел; сide – өлтіру) – әйелді әйел (қыз не қыз бала) болғандықтан қасақана өлтіру және сондай қылмыс термині. Кейбір мәдениетте фемицид деп тек қана еркектер істеген қылмысын түсінеді. Басқа мәдениетте фемицид деп жыныстық өшпенділік себебінен болған әйел өлімін атайды және қылмыскердің жынысы маңызды емес. Феминист Дайана Рассел фемицидке тек ерлер барады және фемицид жасау үшін мизогиндік себеп болуы керек деп санайды. Расселдің түсінігі бойынша, тек еркектерде нағыз мизогіндік себептер болуы мүмкін. Дайан Расселдың пікірімен Жаклин Кемпбелл мен Керол Раниан толық келіспейді. Олардың түсінігі бойынша, әйелді өлтірген жағдайда көбіне ресми түрде мотив анықталмайды. Сонымен қатар оларға қылмыскердің жынысы да маңызды емес. Сондықтан фемицид жайында статистика жинау үшін әр бір әйел өлтіруді фемицид деп мойындау қажет деп түсіндіреді Кемпбелл мен Раниан. Фемицид ескі ғысырлардан келе жатқан қылмыс. Еуропаның тарихында Орта ғасырда мыңдаған әйелді сиқыршы, дуагер, мыстан деп атап, оларды соттап, тірілей отқа жаққан, байлап тірілей суға тастаған және тағы да басқа түрде азаптап жойған. Ол әйелдердің арасында білімді, емші, кіндік шеше, атеист, лесбике, қызыл шашты, мүгедек, аса сұлу әйелдер көп болған – әр еркек қолына түсіре алмағанды я жолын кескен, я бәсекелес әйелді бақсы атап өлімге жібере алған. Қазіргі заманға оралсақ әліге дейін Үндістан мен Қытайда қыз балаларды жасырын түрде өлтіру дағдысы бар, себебі патриархалды мәдиниетте көбіне ұл бала қалайды, ал қыз бала жағымсыз саналады, сондықтан аштық, жоқшылық, жұт болған кезде немесе мемлекет 1-2 баладан артық тууға рұқсат бермесе отбасында қыз бала өмірмен бірінші болып қоштасады. Сонымен қатар піштіруден, яғни жыныс мүшелеріне жасалынған отадан кейбір қыз бала өліп те кетеді. Көп патриархалды елде мемлекет әйел денесін тұтқынға және бақылауға алуға тырысып бағуда, сөйтіп түсік жасатуға тиым салған. Дегенмен, жыл сайын мындаған әйел жасырын түрде лас жерде аборт жасатады. Жасырын аборттың үстінде өлген әйелді фемицид құрбаны деп санауға болады, өйткені қоғам түсік жасатуға тыйым салмаса әйелдер емханада ресми және стерилді түрде көмек алар еді. Шамамен 40% фемицид құрбаны тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жығылған әйел болады. Сонымен қатар “намыс қылмысын” фемицид деп атауға болады – әйелдің/қыздың артынан өсек ереді, ол өсек туыстарының құлағына жетеді, сөйтіп ол өсекте 1 тамшы шындық болды ма әлде болған жоқ па ешкімнің шаруасы жоқ, намысшыл туыстар өсекке қалған әйелді не қызды өлтіреді.

Авторы Жоан Акберген (Johanna Akbergen)

Суретте: Рембранттың “Сусанна мен шалдар” атты шығармасы

  • Share post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *