Лесбиан құрылтайға тосқауыл боламын деп әкімдік, ҚАО, ҰҚК мен бәлеқор атаулы қанаты қайрылып, абыройдан айрылды!
Ұзыннан ұзақ пост (маңызды болған соң) жазамыз — ең алдымен бақыттан басымыз айналып жүрміз! Біздің жүрек жұтқан “Феминита” тобы сонау 2023 жыл басынан бері дайындалып, Лесбиан құрылтайды жоспар бойынша 2024 жыл 7 мен 10 қазан күндері Алматыда аман-есен өткіздік. Құрылтай тақырыбы «Экология және оның ЛБКТ қауымына әсері: біз дағдарысқа қалай төтеп береміз және болашаққа ойымыз» болды. Шара өткізген кезде әкімдік, (тірідей және онлайн ізімізді аңдыған) Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция мен антигендер қозғалыстың белсенді әйел тобы тарапынан ұйымдастырушы біз бен 40 қатысушыға орасан зор қысым көрсетіп бақты. Антигендер қозғалыс тобын анықтау мүмкін болды: ол — Бағила Балтабаева, Жібек Әменова, Бибінұр Шералиева, Дильнар Инсенова және аты-жөнін анықтап жатқан тағы екі әйел. Бір қызығы, бұлардың өздері кезінде әділетсіздікке душар болған қоғамдық белсенді, кейбірі (жалған ақша жасау, ҚДТ белсендісі болу сияқты) қылмыстық іске жауапты болған. Жүйеден көрген теперіші басқа әйелге қастасуға итермеді деп үміттенеміз (біздің не кінәміз бар?).
Құрылтай өткен барлық күні Алматы қала әкімдігі шараны үзуге барынша тырысты. Досаев, бәрі дұрыс па? «Феминита» 4 қонақ үй мен 1 коуоркиң орталықтан жалға алған жерінен көре көзге айрылды. Коуоркиң орталық менеджерінің айтуынша «Феминита» әкімдіктің қара тізімінде екен-міс, ондай барын білмеппіз. Жергілікті бизнеске қалалық әкімшілік өктемдік көрсетіп, жиналған белсендіні шығарып жібермесең, СОБР жіберіп қуып шығамыз деп қорқытты. Ақыр соңында, әкімшіліктің басынғанына көнбей бізге жалға орын берген бизнестің бүкіл ғимаратының электр жарығын сөндіріп тастады. Ол да әкімшілік жасаған құйтұрқы деп білеміз.
Қазанның 9 күні аталмыш Қазақстандық Ата-аналар Одағы (ҚАО) бұрынғы және қазіргі белсенділері шулап-шұрқырап кедергі жасауға келді, келе сала жабық есікке жармасып, бақырып-шақырып видеоға түсіріп алуға әрекеттенді, бірақ Жанар — пауэрлифтер болған соң оған әлі жету қайда. Бұзақылық жасаушы әйелдер итерісіп, жұлынып, алдына келгенді ұрыс-керіс, төбелеске шақырып бақты.
15 минут бойы бұзақылықты тоқтатпаған соң «Феминита» полиция шақыруға мәжбүр болды. Содан не керек, ақырында құрылтай ұйымдастырушы Жанар Секербаеваны, Гүлзада Сержан мен «Феминитаға» әріптес Ақторғын Қайратованы және бірнеше шетелдік қонақты полиция бөліміне алып кетті. Полиция шақырған соң 20-30 минуттан кейін келгенін де жазып қояйық. Осы уақыт бойы жекеменшік мекенжайда ҚАО белсенділері емін-еркін білгенін қылып, видеоға түсіріп жүрді. Кезіккен адамды, bUlt кеңістігінің қызметкері болсын, басқа болсын сексуалды бағыты мен гендерлік сәйкестігіне қарай балағаттап, ұрсып, қорқытып жатты. Құрылтайға (Ақторғын жасаған керемет плакаттан басқа) мүлдем қатысы жоқ ілулі тұрған сурет, постер, қабырға бәрін видеоға түсірді.
Полиция наряды 8 форма киген, 2 жәй киім киген (ҰҚК қызметкері болар) ер адам болып жетті. Бұл келген ер адамның бір де бірі өзін таныстырмады, құжат көрсетпеді, құрылтайға (30-дан астам) қатысушыны ешқайда жібермей, жеке құжатының көшірмесін фотоға түсіріп алғанша қамап ұстады. Оған қоймай, сол жерде жиылған қатысушыны “мән-жайды анықтамақ” үшін түгел полиция бөліміне алып кетпек болды. Не қылған “мән-жәй”, қандай заңның не бабы негізінде екенін айта алмады.
Өтіп жатқан іс-шараның бағдарламасы мен сол кезде көрсетіліп жатқан презентацияны тексеріп шығып, оның экология тақырыбында екенін білді. Соны көре тұра, бір полиция қызметкері презентацияны ауыстырып қойдыңдар деп жала жапты. Сонда іс-шараңа біреу баса көктеп кіріп шырқыңды бұзып жатса, сен дереу презентация ауыстырып отырады екенсің! Елді қылмыс жайлап кетуі осындай ерсі полицейдің қисынсыз әрекетіне тікелей байланысты.
Келесі күні, 10 қазанда, тура осы әйелдер Құрылтай өтіп жатқан басқа мекен-жайға да келіпті. Шақырылмаған соң кетіңдер дегенге кетпей, видеоға түсіріп отырып алды. ҚАО әйелдері бақырып-шақырып мазаны алмайтын болса, отыра берсін деп қалуға рұқсат бердік.
Құрылтай өткізетін мекен-жайды бөгде ешкімге хабарламаған едік, еш жерде жазбадық, жария қылмадық, тек жеке хабарлама арқылы қатысушыға жеткізіп отырдық. Соған қарағанда құқыққорғау органдары бізге аңду орнатып, жүрген жерімізді анықтап, шараға кедергі келтіру үшін ҚАО белсенділеріне нақақ ақпарат беріп отырды деген тұжырымға келдік.
Жоғарыда сипатталған жағдайға қатысты, сексуалды бағыт пен гендерлік сәйкестікке қарсы қоғамдық тәртіпті бұзу, кемсітушілік, қастастық тіл мен қастастық қылмыс жасалып, Қазақстанда ЛБКТ құқығы өрескел түрде бұзылып жатқанына назар аударамыз.
Оған қоса, «Феминита» туралы көрнеу жалған ақпарат таратып, ҚР Парламент Мәжілісі депутаты Ринат Зайтов «Феминитаны» экстремистік ұйым деп тануға үндеу тастағанына көңіл бөлуге шақырамыз. Құрылтайға кедергі келтірмек болған барлық жауаптыны жазалап, Заитовты депутат мандатынан айыруды талап етеміз!
Құрылтайға қанша кедергі жасауға тырысқанмен біз жоспар қылған бағдарламаны ТОЛЫҚ бітірдік! Құрылтай өткізетін жер де таптық, (вегандық тортпен) «Феминитаның» он жылдық мерей тойын тойлап та үлгердік! Сондықтан біздің гомофобты мемлекет “күшене” бермеуі керек 🥰! Лесбиан, бисексуал, куир және трансәйелге тосқауыл бола алмайсың!
2025 жылы Екінші Лесбиан Құрылтай болады.