Қыздық дегенді қалай түсіну керек?

Жыныстық қатынас туралы талқылау ұят болғандықтан, осы мәселеге қатысты алып-қашпа сөз, жалған түсініктер көп. Жас қызды қоғамда «ұят болады» деп, ешқашан жыныстық қатынасқа түспейтіндей, сол пәк күйінде тұра беретіндей көретін, көрсетуге тырысатындар да көп. Адам болған соң әрбір қыз жыныстық қатынас туралы ойламай тұрмайды. Әрине, «қырық үйден тыйым салып», қыз ойын барынша жасырып, жасырғаны сонша, айту былай тұрсын, тіпті ойлауға да ұялуына талап қойылады. Жұрттың көзіне жақсы көріну үшін, аңқаусып, жыныстық қатынас туралы ойы тек қана «қыздығымды қалай сақтап қалам?» деген сұрақтың төңірегінде өрбуі содан.
Мысалы, «бәрі бар» атты сайтта «Қыз екеніме қалай көз жеткізуге болады?» деп сұрақ қояды. Тағы біреуі «Қыздық туралы білгім келеді дейді». Енді біреуін «Қыздық пердені қайта орнына келтіру» толғандырады. Қыздықты қалпына келтірудің де жауабы дайын. Мысалы, «Бүлінген» түгі жоқ! «Пәктік» жасату 30 мың теңге тұрады дейді. Жалпы оның бағасы 30 бен 40 мың теңге көлемінде екенін интернеттен тауып білу қиын емес екен.

Тізе берсек, қыздық теген тақырыпта осы сарынды пікір қалыптасқан. Қыздық деген сөз жас әйелге пәк болуына қойылатын талап. Не үшін жыныстық қатынасқа түспеген жас әйел пәк болып есептеледі? Оның құны пәк емес әйелден неге жоғары? Сонда әйел адам емес, сатуға арналған зат секілді болғаны ма?

«Біздің ата-бабаларымыз қызды жат жұрттық деп босағаға отырғызбаған, ертең кетеді деп сыйлаған» деген сөзді бәріміз естігенбіз. Төркінінде жүргенде жас әйел өз бауырларының арасында қамқорлыққа бөленіп жүрген екен. Ал одан кейін қалың малға сатылып, жат жұртқа келін болып кетеді. Яғни, бұл сатуға арналған адамды ертеңгі күтіп тұрған азабын сәл де болса жеңілдетуге қатысты екенін біліп тұрсақ та, айтпаймыз. Әңгіменің басын айтып, аяқ жағын жұтып қоямыз. Көңілімізді түсіріп қайтеміз?

Сонымен жас әйелдің қыздығы патриархалды қоғамда неге сонша құнды? Неге сонша бағаланады? Жас әйелге өзінің денесін бағалау, сатуға дайындауға не итермелейді? Неге қыздығынан айырылғанына жас әйел ұялуы, оны уайымдауы керек?

Патриархалды қоғамда еркектер әйел, бала-шағасын аш-жалаңаш қалмауын қамтамасыз етуі керек деп есептелінеді. Яғни, дала кезіп аң-құс аулап, тамақ тауып келіп, басқа еркектер оның меншігіне көз не қол салғанда, олармен арпалысып күрескен. Бұл бағзы заманда солай болған деп білеміз. Сол кезде өзінің алған әйелі басқа еркекпен жыныстық қатынасқа түсіп, жүкті болған соң оны әйел қылып алса, онда оның кемінде бір баласы өзінің ұрығынан емес болып шығады. Ол әйелді баласымен қосып асыраса, онда басқа еркектің ұрпағын асырап жүрген болып қалады. Сондықтан алған әйелі неғұрлым жас, жыныс мүшесі өсіп дамымаған күйінде қатынасқа түсуге тырысады. Яғни, қатынасқа түскенде әйелдің жыныс мүшесі тар, жас болғандықтан қанап кетсе, сонда ғана оның туған балалары расында осы еркектің ұрпағы екеніне кепіл болады. Мысалы, ислам дінінің ыңғайымен осылай қыздықты қызғыштай қорғауға кіріскен еркектер Жошы ханның Шыңғысханнан туған-тумағанын осы күнге дейін әңгіме қылып, соны ойлап басы қатады. Кейбіреуі «Моңғолдар Жошыны жаттан туылған деп шет қақпайлап келгендіктен аса көп жазбады» деп Жошы туралы деректің аздығына себеп іздейді. Қалай болғанда да Жошы Шыңғысханның ұрпағы болып есептелген, ұлысы болған, тарихта қалған.
Жошы хан
Шыңғысханнан тараған ұрпақтарының партриархалды шежіресі. Сурет http://www.the-submarine.ru/cat/t1908/ сайтынан алынған Авраамдық ағыммен таралған діндердің, оның ішінде ислам дінінің, осылай патриархалды қоғам орнатуға үлкен әсері бар. Осы дін ағымдарында қыздарды барынша жас күйінде әйелдікке алуға, «ұят» деген ұғымды барынша дәріптеп, қыз баланы қысып ұстауға тырысатындарының себебі — басқа еркектің емес, тек өзінің ұрпағын ғана асырап өсіру, тек еркек ұрық бойынша ұрпақ тарату. Сол себепті де шежіреге тек еркек балаларды тізеді, сол себепті де «ата-баба», «жеті ата», «ұрық», «ру» деген түсініктер арқылы қоғамдық құрылым құруға байланысты түсініктер қалыптастырады.

Егер Библияның ескі бөлігін алып қарасаңыз бірнеше беті қай еркектен қай еркек туғанын тәтпіштеп жазған жері бар. Ол заманда баланы еркектер туған ба деп қаласың. Шежіре жасауды сол заманда әдетке айналдырып, патриархалды түсініктерді нығыздауға осы авраамдық ағымнан таралған діндердің негіз болғанын осыдан байқауға болады.

Осылай құрылған патриархалды қоғамда әйелдің орны былай: еркектің ұрығына әйелі немесе әйелдері жүкті болып, оның ұрпағын таратып көбейтуі керек. Әйелдің өзін қалың малға сатып алатын, ұрпағын көбейтуге пайдалантын еркек адамнан қоғамдағы орны, құны төмен. Жеті жарғы бойынша әйелдің құны еркектің құнынан екі есе аз болғаны есімізде.

Енді бұл бағзы заманды қойып, осы заманға келейік.

Қазір еркектер өзінің баласы екенін білгісі келсе, әйелдің жыныс мүшесінің қанағанына қарап емес, генетикалық тест жасап біле алады.

Мәселе әрбір еркек өз ұрпағының өсіп-өнуіне ғана жауапты болғысы келетініне келіп тірелсе, онда әйелдерді бұлай қыспаққа алудың, қыздық үшін сонша уайым-қайғыға салыну бекер болып шығады.

Қыздықты уайымдатқызуға итермелеудің екінші бір себебі, әйелдің денесінің өзіне емес, оның меншік ретінде қарайтын еркегінің қызғанышы. Әйелдің өзі жыныстық қатынасқа қалай кіммен түсетінін шешпей, бүкіл қоғам болып, егер бір ғана еркекке адал болмады деген күдік туса бітті, қоғам оны жәлеп деп табалай жөнеледі. Кейбір еркектер өзімен төсектес болған немесе төсектес болуға көнбеген әйелдерді табалап өсек таратып та жатады. Соның бірі өзімен жыныстық қатынасқа түскенін жасырын видеоға түсіріп таратуды мәртебе көретіндер бар. Мысалы, осылайша әйелдердің шешінген кезін, отырған кезде үстелдің астынан бұтының арасын, төсекте жатқанын т.с.с. ұятты күйін видеоға түсіріп интернетте тарату Оңтүстік Кореяда қоғамдық мәселеге айналып отыр екен. Осындай ұятты деп саналатын видеолардың құрбаны 80% әйел болатын көрінеді. Сонымен әйелдің жыныстық мүшесін, денесін, жыныстық қатынасқа түскенін қоғам болып жіті бақылауға алады.

Зер салып қарайтын болсақ, алдымен жыныстық қатынасқа түскеніңді ұят, ол туралы ойлағаның да ұят деп шектеу қойылады. Содан кейін белгілі бір шеңберден тыс жыныстық қатынасқа түсе қалсаң, алғаш жыныстық қатынасқа түскенде жыныс мүшең қанамаса, онда кінә тағады. Одан қала бере ұятты деп саналатын жалаңаш денең, жалаңаш күйіңді жасырын түсіріп таратып қарабет қылуға дайын тұрады. Бұл шектеудің түбінде еркектер басқа біреуден туған әйелдің баласын асырауға бекер әрекет жасамаса екен деген ой жатыр.

Сонымен, осы жағдайда біз, әйелдер, қалай қоғамдық қыспақтан шыға аламыз?

  • Қыздық деген патриархалды құрылымда қолдан жасалған қоғамдық конструкт екенін түсінсек,
  • еркектердің ұрықтарын генетикалық жолмен тексеріп біле алатынын ескерсек,
  • әйелдердің құқығы еркектердің құқығымен тең екеніне мемлекет кепілдік беретінін білсек,
  • баяғыдай әйелді қалың малға сатуды адам саудасы деп қарасақ,
  • ал жыныстық мүшесін, жыныстық қатынасқа түсірген бейнесін видеоға түсіріп интернетте таратуды да заңмен қудалауға болатынын түсінсек,

Онда «қыздығымды қалай сақтаймын» деп қиналудың мағынасы бар ма?

Жыныстық қатынасқа түсу, жанұя құру, ұрпақ тарату, бала сүю деген сияқты ұғымдар қоғамдағы қатынастар дамыған сайын, осы заманның құндылықтарына сәйкес болуы керек. Заман дамаған сайын бұрынғы түсініктер ескіріп, мағынасы жойылып отырады. Сол себепті қыздығың жоқ деп жыныс мүшесі қанамаған әйелді қара бет қылу — қараңғылық. 30-40 мың теңге жаратып, ота жасатып қыздықты қалпына келтіру де мағынасыз әрекет.

Оның үстіне қазіргі заманда заң бойынша үйлену жасы 18-ден жоғары болғандықтан жыныстық қатынасқа түспесе де жас әйелдің жыныстық мүшесі денесімен бірге өсіп дамыған болуы мүмкін. Әрине, 9-13 жасар денесі қатаймаған қыз бала ересек еркекпен қатынасқа түссе оның жыныстық мүшесі жыртылып қанайды. Ал жасы үлкейіп, есейген жиырмадан асқан әйел жыныстық қатынасқа түскенде оның қанау-қанамауы екіталай. Заман өзгергенін, заң өзгергенін, әйелдердің жұмыс істеуге, қоғамдық іске араласуға құқығы барын ескеріп, бағалап, қараңғылықты артқа тастау керек.

Мақаланы жазған: Гүлзада Сержан
Пайдаланылған көздер:

  1. Бәрі бар сайтындағы сұрақтар
  2. «Бүлінген» түгі жоқ! «Пәктік» жасату 30 мың теңге тұрады
  3. Аладьина Т. Елімізде бойжеткендер 40 мың теңгеге пәктігін қалпына келтіріп жатыр
  4. Устимов А.Ф. Нашествие Батыя мақаласындағы суреттер
  • Share post

Со-основательница Казахстанской феминистской инициативы "Феминита", правозащитница.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *